«Президент Мун Чжэ Ин Орталық Азияның кейбір елдеріне (соның ішінде Қазақстанға) баруды жоспарлаған. Бірақ қазір екі Корея арасында саммит өткізілуіне, сондай-ақ КХДР мен АҚШ арасындағы саммитке байланысты сапар кейінге қалдырылып жатыр. Дегенмен президент осы сапарға шығып, Корея Республикасы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды деп сенемін. Тіпті сол келіссөздер нәтижесінде ынтымақтастықтың жол картасы да жасалады деген ойдамын», - дейді Корея Республикасы президенті жанындағы Солтүстік бағыттағы экономикалық ынтымақтастық комитетінің төрағасы Сон Ён Гиль.
Сон Ён Гиль белгілі бір елдермен ынтымақтастықты дамыту үшін арнайы құрылған жаңа комитеттің қызметі және қазіргі президенттің «жаңа солтүстік саясаты» туралы айтып берді.
«Корея Республикасының жаңа солтүстік саясаты - Мун Чже Ин үкіметінің Кореяның Еуропаға шығуына жол ашатын жаңа экономикалық карта жасауды мақсат ететін саясаты. Ол Ресей, Қытай, Моңғолия және Орталық Азия елдерін қамтиды. Корея Республикасының Орталық Азияға, Ресей және Моңғолияға жол ашуы Жібек жолын қайта жаңғыртып, жалпы даму жолына түсуі деуге болады», - деді ол.
Комитет басшысы Қазақстанмен мәдени байланыстарға тоқталды. Ол Қазақстанды Кореяның маңызды әріптесі деп атап, «жаңа солтүстік саясатты» іске асырудағы ерекше рөлін атап көрсетті.
«Қазақстанмен мәдениет саласында көптеген ортақ тұстарымыз бар. Қазақстанда 100 мыңнан астам корей ұлтының өкілдері өмір сүреді. Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуда орасан әлеует бар. Мемлекеттеріміз арасында теміржол және әуе жолы қатынасын жандандыру қажет деп санаймын. Қазір комитет «жаңа солтүстік саясаттың» жол картасын жасаумен айналысып жатыр. Келесі айда президентке оның дайын екенін хабарлауды жоспарлап отырмыз», - деді комитет басшысы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.