Кореяда ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды

АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Кореяның Пхентхэк қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды.

«Құрлықтық сынның алғашқы алтыны қытайлықтардың қоржынында. Ал өзбектер күміс пен қолаға қол созды», - деп жазады Аlaman.kz сайты.

Қытай қызы Ендженг Янг екі жаттығу қорытындысы бойынша 200 келіні (92 108) бағындырды. Күміспен күптелген өзбекстандық Марина Сисоева 178 келіні (75 103) көтерді. Қола жүлдегер тағы бір өзбек - Махилио Тогоева - 177 келіні (76 101) басынан асырды.

Бұл салмақта бақ сынаған қазақстандық Галина Мамотова (В тобы) 167 келіні (75 92) көтеріп, 7-орынды місе тұтты.

Осы тұста айта кетейік, Париждегі әлемдік сынның күміс жүлдегері тай қызы Панида Кхамсри жұлқа көтеруде 84 келіні бағындыра алмай, жарысты ерте аяқтады.