Кореяда толассыз жауыннан 14 адам қаза тауып, 12-сі із-түзсіз жоғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяда бес күн бойы жауған нөсер жаңбыр салдарынан 14 адам қаза тауып, тағы 12 адам із-түзсіз жоғалған, деп жазады Синьхуа.
Бұл туралы жексенбі күні елдің Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 11:00-дегі жағдай бойынша 14 адамның қаза тапқаны расталып, 12 адам жоғалғандар қатарында саналып отыр.
Сәрсенбіде басталған толассыз жауын-шашын салдарынан ел бойынша 13 209 адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Оның ішінде 3 836 адам уақытша эвакуациялық бекеттерде орналастырылған.
Сондай-ақ 1 920 мемлекеттік және 2 234 жеке нысанға зақым келгені тіркелді. Олардың қатарында су астында қалған жолдар, көшкіндер, өзен құрылымдарының құлауы, су басқан ғимараттар мен егістік алқаптар бар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 18 шілдеде Оңтүстік Кореяда үш күн қатарынан жауған нөсер жауын салдарынан 4 адам мерт болды. Тағы 1 адам із-түзсіз жоғалып, 5 мың адам эвакуацияланғаны хабарланған еді.