Шараға 4 мыңнан астам қонақ жиналды. Құрметті қонақтар арасында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Дэгу қаласының әкімі Ким Бум Иль мырза, Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ли Бен Хва мырза және басқа да ресми қонақтар болды.
Ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қазақстан Республикасы Президентінің қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. Онда: «Кореядағы Қазақстан жылы мен биылғы Қазақстандағы Корея жылының арқасында, біздің халықтарымыз бір-біріне жақындай түсіп, экономикалық, мәдени және жай ғана адамдық достық байланыстарын күшейтті. Осындай жаңа серпіннің өзі мемлекетаралық достығымыз бен қарым-қатынасымыздың нығая және кеңейе түсетініне ықпалын береді деген сенімдемін», - делінген.
Қала басшысы алғы сөзінде бұнымен қатар,: "Алматыда 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Солардың ішінде 30 мыңға жуық адамды корей диаспорасы құрайды. Біз бізбен бірлесіп тәуелсіз Қазақстанымыздың болашағы үшін атсалысып жүрген өзіміздің корей ұлтты бауырларымызды мақтан тұтамыз», - деді.
Ахметжан Есімов сонымен қатар, Дэгу қаласының әкімі мен тұрғындарына Алматының Дэгудағы күндері кезінде (2010 ж.) жақсы қабылдағандары үшін өз ризашылығын білдірді.
Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі Ли Бен Хва мырза өз кезегінде қазақстандықтарға Корея Республикасы үкіметінің жолдауын оқып берді. Онда: «Осы жылы мемлекетаралық қарым-қатынасымызды нығайттық. Оған сөзсіз Кореядағы Қазақстан жылының әсері болды. Сол жылдың аясында корей халқы Қазақстанның қайталанбас, ерекше мәдениетімен жақынырақ таныса алды. Келесі жылы дипломаттық қарым-қатынасымызды орнықтырудың 20-жылдық мерей тойының аясында, біз әр түрлі шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған шаралар да мемлекеттеріміздің сенімі мен екі жақты түсіністігінің нығаюына әсер береді деген үміттеміз», - делінген.
Шара барысында Дэгу қаласының әкімі Ким Бум Иль мырза, Алматы қаласы сияқты Дэгу қаласы да Кореядағы алманың қаласы болып табылатындығын атап өтіп,: «Мен біздің бауырлас қалаларымыздың мәдениет, өнер, экономика және жастар саясаты саласындағы қарым-қатынасының дамуына мүмкіндігінше қолдан келгеннің барлығына атсалысамын», - деді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстандағы Корея жылының аясында Алматыға Дэгу қаласының әкімі Ким Бум Иль мырзаның басшылығымен Корея Республикасының делегациясы келген болатын. Корея делегациясының құрамында Дэгу қаласының заңнамалық жиналысының, сауда-өндіріс палатасы, қалалық банк, мәдениет қайраткерлері қоғамының, Қазақстан - Корея достық қоғамының бірінші жетекшілері, сонымен қатар, медицина саласының мамандары да болды.
Қазақстандағы Корея жылының жабылуына арналған кеш гала-концертпен аяқталды. Корея делегациясы көрермендерге арнайы дайындаған мерекелік бағдарламаны ұсынды. Онда Корея Республикасының өнер майталмандарының орындауындағы батыс классикалық музыкасы, дизайнер «Ing'A» -ның "Күз/Қыс 2011" топтамасының көрсетілімі және Корея жұлдыздарының өнері тамашаланды.