Қорғалжын-Арықты автожолын су алып кетті, жол жабылды
Хабарламаға сәйкес, кеше сағат 12:30 шамасында облыстық маңызы бар «Қорғалжын-Арықты» автожолының 38 шақырымдағы бөлігін су алып кеткен.
«Қатты желдің салдарынан толқын пайда болып, жолдың 100 метрлік бөлігін биіктігі 10-нан 30 сантиметрлік су алған. Құтқарушылардың көмегімен аталған участокта кезекшілік ұйымдастырылып, қозғалысқа шектеу қойылды. Сонымен бірге, құтқарушылар келген уақытта автожолдың оң жақ шетінде УАЗ-3962 автокөлігінің қалып қалғаны анықталды. Аталған жағдай автокөлік иесінің қауіпсіздікті елемеуінің салдарынан тіркелген. Зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Сағат 16:21 кезінде автокөлік судан шығарылған. Жалпы, Төтенше жағдайлар комитетінен хабарлағандай, Қорғалжын ауданында елдімекендерді су алу, адамдардың зардап шегу жағдайы тіркелмеген.
«Қазіргі уақытта Қорғалжын аудандық жергілікті атқарушы орган Қорғалжын-Арықты автожолының аталған участогын жабу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты екі жақтан да инертті материалдар арқылы жол жабылып, тиісті жол беліглері қойылды. Қозғалыс аталған бағыттағы басқа жол арқылы жалғасуда», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, 12 мамырда да Қорғалжын-Арықты автожолын су шайып кеткен болатын.