Қорғалжын ауданында «Сапалы су» бағдарламасына республикалық бюджеттен 531 миллион теңге бөлінді

КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауданында ағымдағы жылы «Сапалы су» бағдарламасын іске асыру мақсатына республикалық бюджеттен 531 миллион теңге қаржы бөолініп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Сұлтан Қасеновтың айтуынша, бұл қаржы есебінен Кеңбидайық, Абай ауылдарында су желілеріне қайта жарақтау жұмыстары жүргізіліп, Жұмай, Үшсарт ауылдарындағы су құбырларының құрылысы шешімін табатын болады. 2008 жылы облыстық бюджет есебінен Ұялы, Садырбай, Екпінді ауылдарының тұрғындары сапалы сумен қамтамасыз етілген. Алдын ала жасалған жоспарға сәйкес 2012 жылы Өркендеу, Арықты, Майшұқыр, Хутор елді мекендерінде суға деген сұраным қанағаттандырылады. Қазіргі кезде құжаттар дайындау, анықтама жасау шаралары қолға алынған. Жалпы аудан бойынша 16 ауылдың жартысында сумен қамту ретке келтірілген.