Қорғалжын ауданында төрт ауылды су басуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Қорғалжын ауданын су басуы мүмкін. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Хабар беру және халықты оқыту бөлімінің бастығы Руслан Иманқұлов мәлім етті.

Ақмола облысы бойынша тиісті шаралар және су сору жұмыстары жасалуда. Бүгінгі таңда «Қазселденқорғау» ММ деректері бойынша Ақмола облысы Нұра өзенінде су деңгейі көтерілуде. Әсіресе, Қорғалжын ауданында жалпы саны 500-ге тарта тұрғыны бар 4 ауылды су басуы ықтимал. Олар: Ұялы, Садырбай, Өркендеу және Алғабас ауылдары. Адамдар алдын ала ол жерден көшірілді. Кейбіреулері судың келуіне тосқауыл қоюға көмектесу үшін қалды», - деді ол.

Айта кетейік, Ақмола облысында су тасқыны басталғалы бері Атбасар қаласы және Ерейментау, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Целиноград аудандарының 12 елді мекенінде жалпы саны 168 үй су астында қалды. Қазіргі уақытта оның 114-інен су кетті.