Қорғалжын ауданындағы ет комбинатының өніміне сұраныс жоғары - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Қорғалжын ауданында болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі.

Бүгінгі таңда Қорғалжын ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Ауданға жұмыс сапары барысында облыс басшысы Қарашалғы селолық округіне қарасты «ELNUR Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңдарында болды. Серіктестік басшысы Нұрбақыт Досанбаевтың айтуына қарағанда, осыдан үш жыл бұрын 1 400 бас ірі қараға арналған мал қорасы салынған. Кейін 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы  ангуст және герефорд сиырлары сатып алынды. Қазіргі кезде шаруашылықта ірі қарадан басқа үйір жылқысы бар.  Серіктестіктің Астана қаласында өз өнімдерін сататын фирмалық дүкені бар. Оған қоса, осы күні шаруашылық өз қаражаты есебінен мал сою цехының құрылысын қолға алған. Өңір басшысы кәсіпорын басшысынан мал азығы қоры мен ет бағасын сұрап білді. Осындағы игі істерді қолға алған кәсіпкердің жұмысына оң бағасын беріп, Астана маңында мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

 

Осы күні қорғалжындықтардың Елорданы сапалы ет және ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Әсіресе, алты жыл бойы «Бақара» брендімен шығып жүрген «Астана АгроПродукт» серіктестігі ет комбинатының ет, шұжық тәрізді өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Кәсіпорын басшысы Серік Рақымовтың сөзіне қарағанда, өткен жылы 2 577 тонна жоғары сапалы халал өнімі шығарылды. Жыл басынан бері 1,7 мың тоннадан астам ет өңделді.
- Біздің өнімдердің сапасы жоғары. Өнім негізінен Астана, Алматы, Қарағанды тәрізді еліміздің өзге де облыстарында сатылады,- дей келе Серік Рақымов экспорт мәселесінің дұрыс жолға қойылғанын атап өтті.
- Біз өнімді өзіміздің брендтпен саудаға шығарамыз. 2013 жылы алғаш рет Ресей Федерациясына 16 тонна етті экспортқа шығардық.  Қазіргі кезде Ресей қалаларынан келген көтерме сауда жасаушылар етімізді алып кетеді.
Десек те, кәсіпорында кейбір түйткілді мәселелер де жоқ емес. Мәселен, кәсіпорынның айналымдағы қаражаты тапшы көрінеді.
- Жақында Астанада болғанымда сауда орындарында өзіміздің кәсіпкерлердің өнімдерін  байқадым. Әсіресе, «Родина» агрофирмасы және Аршалы аудандарының өнімдерін көріп риза болдым,- деп атап өтті облыс әкімі өз сөзінде.
Осы орайда, облыс басшысы аудан әкіміне аталған кәсіпорынның айналымда жетіспей отырған қаржы мәселесін шешу жолын қарастыруды тапсырды. Алдағы 2017 жылы «Бақара» ет комбинаты жобалық қуаты 5400 тоннаны бағындырмақ. Ал,  «МЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің поликарбонаттан жасалынған аумағы 1,8 гектар 8 жылыжайына келетін болсақ, мұнда жақын күндері алғашқы өнімді жинау жоспарланып отыр. Серіктестік басшысы Темірхан Қоңырбаевтың айтуынша, Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жүзеге асыру аясында қолға алынған жобаның маңызы зор. Қазір мұнда қызанақ және қияр өсірілуде. Жылыжай шаруашылығындағы агротехнологиялық шараларды қолданумен жақын танысқан  облыс әкімі көкөніс өсіруде экологиялық таза әрі сапалы әдіске оң бағасын берді.