Қорғаныс министрі лауазымды шенеуніктердің қайсылары балаларын әскерге жібергенін айтты

Фото: Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жоғары лауазымдағы шенеуніктердің балаларын әскерге баруын міндеттеу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары министрден жоғары лауазымдағы шенеуніктердің балаларын әскердегі қызметке шақыртуды міндеттеу мүмкіндігі туралы заңнама нормасын енгізу жайында сұрады.

«Ұлдарын әскерге жібергендер бұл жайында көпшілікке жарияламайды. Бұл тұрғыда патриоттар өз әрекетін баршаға мәлімдемейді. Осы тақырып бойынша бұрынғы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты үлгі ретінде келтіргім келеді. Ол кісі екі інісін алып келіп, әскер қатарына қосты. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы мектеп бітіргеннен кейін мерзімді әскери қызметтегі борышын өтеп, қазір АҚШ әскери училищесінің курсанты атанды. Министрлер мен депутаттардың ұлдарын бөлектейтін мұндай талаптың мағынасы жоқ, заң бәріне бірдей», - деді Р. Жақсылықов.

Сонымен қатар министр тілшілер сұрағына жауап беру кезінде өз ұлын да әскерге жіберетінін айтты.

«Қазір ол жоғары оқу орнында оқып жатыр, 20 жасқа толды. Оқуын бітіргеннен кейін, оны міндетті түрде әскер қатарына жіберемін», - деді Р. Жақсылықов.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.