Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бастығы ауысты

Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ғани Өтепбайұлы Жапишов ҚР Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Ғани Жапишов 1986 жылғы 13 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «журналистика» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қарағанды қаласында «Болашақ» академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Президенттік «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Broadcast Journalism мамандығы бойынша АҚШ-та Нью-Йорк кино академиясын (NYFA) тәмамдаған.

Журналистика саласындағы еңбек өтілі — 15 жылдан астам. «Хабар», «Qazaqstan» телеарналарында қызмет атқарған. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметін басқарды. «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры болды.

Соңғы атқарған қызметі — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің кеңесшісі.

Бұған дейін Абай облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Марат Теміржанов тағайындалғанын жаздық.