Аталмыш құжатқа Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Еркін Оқасов қол қойды.
– Мұндай меморандум Қарулы күштердің спорттық әлеуетін нығайтуға және жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған өзара ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңін бастайды. Күш-жігерімізді біріктіру дарынды спортшылардың мүмкіндігін ашуға, олардың халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қолдау көрсетуге, сондай-ақ патриотизмді, тәртіпті және Отанға қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдыратын ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Қорғаныс министрі.
Меморандум спорттық күресті дамыту саласындағы бірлескен қызметті үйлестіруді, оқу-жаттығу жиындарын өткізуді, спортшылар мен мамандардың халықаралық оқу-жаттығу іс-шараларына қатысуын, сонымен қоса халықаралық әскери-спорттық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Келісім Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да бағытталған. Атап айтқанда, бюджеттен тыс қаражат есебінен спорт нысандарын заманауи күрес кілемдерімен және арнайы спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылған.
Спорттық резервті даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. 9-сыныпты аяқтағаннан кейін болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларға Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде «еркін күрес» және «грек-рим күресі» мамандықтары бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі.
Бұдан өзге ұлттық құрама мүшелері халықаралық жарыстар мен ірі спорттық турнирлерге дайындықтан қол үзбей, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Спорт ротасында әскери қызметін өтеу мүмкіндігіне ие болады.
Екі тараптың келісімі олимпиадалық күрес түрлерін дамытуға, армия спортшыларының кадрлық әлеуетін нығайтуға, отансүйгіш жастарды тәрбиелеуге және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін одан әрі арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікке ұмтылысын айғақтайды.
Айта кетейік, осыған дейін Президент Қорғаныс министріне Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруді тапсырған болатын.