Қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыс Қорғаныс министрлігіне қайтарылады - Заң
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат Қазақстан заңнамасын қорғаныс және әскери-патриоттық тәрбие тұрысынан жетілдіруге бағыталған заңды екі оқылымда мақұлдады.
Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы.
Негізгі баяндаманы оқыған депутат Андрей Лукин бұл заң әскери бағыттағы мемлекеттік тапсырысты беру және іске асыру функциясын Қорғаныс министрлігіне өткізуге арналғанын айтты.
- Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жүзеге асыру функциялары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен Қорғаныс министрлігіне берілді. Қорғаныс министрлігі мемлекеттік тапсырыс саласындағы уәкілетті орган ретінде осы салада стратегиялық, реттеуші, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады, - деді сенатор.
Ал құжаттың жаңашылдықтары туралы қосымша баяндама жасаған сенатор Амангелді Нұғманов заң кейбір жастарға әлеуметтік лифт бола алатынын атап өтті.
- Бұл заң мерзімді әскери қызмет атқару кезеңінде әскери қызметшілердің азаматтық салада сұранысқа ие қосымша мамандық алуына мүмкіндік беретінін ерекше атап өткім келеді. Бұл – кәсіби білімі жоқ жастар үшін мықты әлеуметтік лифт. Мысалы, әскери борышын өтеу кезінде автобус жүргізушісі мамандығын меңгерген сарбаз, қызметін аяқтағаннан кейін қосымша оқусыз бірден еңбекке араласа алады, - деді ол.
Заңда әскери қызметті тартымды ете түсуге арналған шаралар қарастырылған.
- Жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі жеңілдіктер, мемлекеттік білім беру гранты бойынша міндетті өтеуден босату, академиялық құқықтарын жоғалтпай оқуын жалғастыру мүмкіндігі көзделіп отыр. Мұның бәрі қазіргі жастар үшін әскери қызметті тартымды әрі мағыналы етеді, - деді депутат.
Еске салсақ, осы айдың басында Қорғаныс министрлігіне жаңа басшы тағайындалды.