Қорғаныс министрі ардагерлерді Ұлы Жеңістің 64 жылдығымен құттықтады

None
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Қорғаныс министрі Даниал Ахметов Астана маңындағы 68665 әскери бөліміндегі қазіргі заманғы талаптарға сәйкес салынған 350 орындық жаңа әскери казарманың тапсырылу рәсіміне қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әскери бөлім қызметкерлерінің айтуынша, казармада Интернет жүйесіне қосылған орындар, спортпен шұғылдануға арналған залдар, қару-жарақты тазалап, сақтауға арналған бөлмелер және басқа да әскерилерге қажетті жабдықтар жасақталған. «Биылғы жылы біз 2 мыңға жуық казармалық орынның құрылысын қолға алып, жөндеуден өткіземіз. Атап айтқанда, алдағы уақытта Шымкентте боламын. Біздің алдымызда әскери жасақтар үшін тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Сондықтан онда казармалық қор 600 адамдық орынға артпақ. Бұл казармада да осы жоба жүзеге асырылатын болады. Атқарылып жатқан шаралар әскерилердің басты міндеті - жауынгерлік дайындық жұмыстарымен айналысуда белсенділік танытуға итермелейді деген ойдамын», - деді министр. Қорғаныс саласындағы әлеуметтік мәселелерге тоқталған Д. Ахметов, әскерилер үшін ағымдағы жылы 70 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, Астанада жақын арада 184 пәтерлік үй пайдалануға беріледі, сондай-ақ қалада 240 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жалғасатын болады. Министр Қазақстан Қарулы күштерінің қатарындағы сарбаздарды төл мерекелерімен құттықтап, отбасыларына қуаныш тіледі. «Аға буынды Ұлы Жеңістің 64 жылдығымен құттықтағым келеді. Майдангерлердің ерлігі арқасында бүгінгі таңдағы мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Ардагерлеріміздің арқасында Қазақстан атты тамаша елде өмір сүрудеміз», - деді ол.