Қорғаныс министрі қоян-қолтық ұрыс жарысының жеңімпаздарын құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің қорғаныс саласының басшысы Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының төрағасы Нұрлан Ермекбаев әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, 21 наградамен елге оралған спортшылармен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Спортшылардың бұл жетістіктері команданың Қарулы Күштер қатарындағы армиялық қоян-қолтық ұрыс және өзге де іріктеу сындарынан сәтті өтіп, жақсы дайындықта екендігінің көрсеткіші. Бұл жолғы көрсеткіштер өткен жолғыдан әлдеқайда жоғары»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.

Айта кетейік, қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Тартысты өткен бәсекеде қазақстандық спортшылар 5 алтын, 6 күміс және 10 қола медальды жеңіп алды.

Сондай-ақ айта кететін мәселе, қоян-қолтық ұрыстан екі мәрте әлем чемпионы Сағым Қазыбек осы турнирде еңбегі сіңген спорт шебері нормативін орындады. Ал, ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметкері Е.Түсіпханов жарыс нәтижесі бойынша, чемпионаттың үздік төрешісі атанды.