Қорғаныс министрі нұсқаулар берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының басшылығымен кеңес өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚМ сілтеме жасап хабарлайды.

Қорғаныс министрі жылжымалы басқарма пунктінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды адамдарын оқу-жаттығу шеңберінде өткізілетін іс-шаралар туралы тыңдады.

Өңірлік қолбасшылықтар мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылары өздерінің басқару пункттерінен қауіпті бағыттарда топтар құру және қойылған оқу-жауынгерлік міндеттер туралы баяндады. Олардың орындалу барысы Бас штабтың жылжымалы басқару пунктіне ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы көрсетілді.

Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы арнайы міндеттерді орындауға тартылатын бөлімшелерді қолдану тәртібін баяндады.

Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов оқу-жаттығудың негізгі мақсаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмасын іске асыру болып табылатынын атап өтті.

Осыған байланысты Қорғаныс министрі басқару органдарының жауынгерлік жұмысын ұйымдастыру және әскерлердің арнайы әскери операциялар барысындағы тапсырмаларды орындауы, сондай-ақ жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері жөнінде нұсқаулар берді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларының аумағында өтіп жатыр.