Қорғаныс министрі Президент Жарлығы бойынша марапатталған әскери қызметкерлерге мемлекеттік наградаларды тапсырды

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 19 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті.

Онда Қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков Президент Жарлығы бойынша марапатталған әскери қызметкерлерге мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Әскери және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, ерлігі мен жанқиярлығы үшін бірнеше әскери қызметші Отанымыздың жоғары наградаларына ие болды. «Енді II және III дәрежелі «Айбын», «Құрмет» ордендері, «Ерлiгi үшiн», «Жауынгерлiк epлiгi үшiн» және «Ерен еңбегі үшiн» медальдері біздің әскерилердің кеудесінде жарқырайтын болды», деді министр өз сөзінде.

Сондай-ақ Қорғаныс министрі тағы бірнеше әскери қызметшілерге грамоталар мен бағалы заттар табыс етті. Олардың қатарында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарына қатысқан ҚР ҚМ Армияшылардың Орталық Спорт клубы - Спорт комитетінің спортшылары бар.

«Тәуелсіздік алған жылдар аралығында Президентіміз, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға ерекше көңіл аударған еді. Оның басшылығымен қазіргі заманғы жоғары халықаралық стандарттарға сай кәсіби армияның құрылуына бағытталған кешенді іс-шаралар белсенді қабылдануда. Жауынгерлік міндетін үлгілі орындағаны, жоғары кәсібилігі, батырлығы мен қайсарлығы үшін алғыс айтамын. Қарулы Күштеріміздің жеке құрамы Отанымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мүмкіндігін туғызғандығын іс жүзінде растады және Отанымыздың Қорғаушысы деп аталуға құқығы бар. Шын жүректен сіздерге бақыт, денсаулық, береке мен Отанымыз - Қазақстан Республикасының игілігі үшін жемісті қызмет етуді тілеймін», деп түйіндеді өз сөзін министр.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.