Қорғаныс министрі ведомствоның аруларын көктем мерекесімен құттықтады

АНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күні мейрамы қарсаңында, бүгін Қорғаныс министрлігінде ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков әйел әскери қызметшілерді қабылдады,

деп хабарлады ведомствосының баспасөз қызметінен.

Қорғаныс ведомствосының басшысы аруларды мерекелерімен құттықтай келе, оларға зор денсаулық, отбасылық табыс, бақытты өмір, жаңа табыстар және көтеріңкі көңіл-күй тіледі.

«Біздің елде әйел атауы тек өмір сыйлайтын ана ғана емес, сонымен қатар «Отан», «Атамекен» тәрізді қасиетті ұғымдармен сабақтасып жатыр. Ғасырлар бойында әйел баланы патриот болуға баулыды, азаматтарды қайталанбас ерлікке бастады. Бүгінгі таңда әскер сапында 8 мың қыз-келіншек бар. Көптеген аруларымыз жауынгерлік әзірлікті айқындайтын жауапты қызметте. Десантшы әйелдердің ер азаматтармен қатар парашютпен секіруі, немесе құралайды көзден атқан мерген қыздарымыздың қызметі баршаға үлгі»,- деді өз сөзінде Қорғаныс министрі.