Қорғаныс министрінің орынбасары: Көршілеріміздің ешбірін ықтимал дұшпан ретінде көрмейміз

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Бүкілармиялық кеңес отырысының алдында БАҚ өкілдерінің Қазақстан Қарулы Күштерінің әлеуеті туралы сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміз көпвекторлы саясат ұстанып отыр. Көршілерімізбен шекарамыз белгіленіп, қол қойылған. Көршілеріміздің ешбірін ықтимал дұшпан ретінде көрмейміз. Біз (олармен) доспыз. Бәрімен тату көршілік қатынас орнатқанбыз», - деді министрдің орынбасары.

Журналистер қауіпті дұшпан шабуыл жасаса, ел қорғанысы қалай төтеп беретінін сұрады. Сұлтан Камалетдинов бұл сол кездегі геосаяси жағдайға байланысты екенін айтты.

Еске салсақ, Сұлтан Қамалетдинов бұған дейін биыл Қазақстанның әскери бюджеті өскенін мәлім еткен еді.

«Қорғаныс министрлігінің әскери бюджеті қарастырылып, Қазақстанның ЖІӨ-дегі әскери бюджеті бір пайыз шамасында бекітілді», - дейді министрдің орынбасары.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындары педагогтерінің жалақысы өсетіні белгілі болған еді.

Нақтырақ айтсақ, әскери педагогтердің лауазымды айлық мөлшері:

- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,32 мөлшерінде;

- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,74 мөлшерінде;

- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 3,2 мөлшерінде мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

Келешекте әскери командирдің оң қорытындысын алған мерзімді әскердегі жауынгерлерге тегін жоғары әскери білім ұсынылуы мүмкін. Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасын елдегі 70 жоғары оқу орны қолдап отыр.

Сондай-ақ, бүгін Президенттің Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шараға қатысатыны хабарланды.