17:18, 13 Сәуір 2009
Қорғаныс министрінің орынбасары мемлекет қаржысын жымқырды деген айыппен қамауға алынды - ҰҚК
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қорғаныс вице-министрі генерал-лейтенант Қажымұрат Мейірманов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отыр. Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қорғаныс вице-министріне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде. Ол ресми өкілі Борис Шейкман атты азамат болып табылатын Израильдің «Ей-Ми-И» және «Солтем Системс» компанияларымен «Семсер», «Айбат» сияқты қару түрлерін сатып алу жөнінде келісім жасаған. Бұл мәселе бойынша 2008 жылдың тамыз айында 82 миллион АҚШ долларын тиімсіз пайдаланды деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Өйткені тергеу жұмыстары қару сатып алуға байланысты келісімдердің 2006 жылы Қорғаныс вице-министрі Қажымұрат Мейірмановтың басшылығымен жасалғандығын анықтады. Ал биылғы жылдың сәуір айының 10-ында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тергеу департаменті Қ.Мейірмановты қызмет өкілеттігін теріс мақсатқа пайдаланды деген айыппен қамауға алды. Қазір бұл мәселе бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - деді баспасөз хатшысы.