Қорғаныс министрлігі әскерилердің даулы видеосына қатысты түсініктеме берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі әскери шендерін ішімдікпен атап өткен әйелдерге қатысты видеоға түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кінәлілер қатаң жазасын алды. Айта кетейік, мұндай жағдайлар ілуде біреу ғана. ҚР Қарулы Күштерінде мемлекеттік қызметтегі жоғары мәдениеттілікті қалыптастыруға және әскери қызметшілердің әдепке жат қылықтарының алдын алуға қатысты кешенді шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады», - делінген ресми түсініктемеде.

Бұған дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері әлеуметтік желіде жарияланған видеоны талдау барысында, қызметтік шенін ішімдікпен атап өтіп отырған әйелдер Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері екендігін анықтаған болатын.

Агенттік қызметкерлері әскери қызметшілердің тәртіпті сақтау жауапкершілігі Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес реттелетінін айтып, заңның орындалуын қадағалау Агенттік құзыретіне кірмейтінін, сондықтан Қорғаныс министрлігіне тиісті шара қолдану туралы хат жіберілгенін мәлімдеді.