Қорғаныс министрлігі мәжбүрлі қонған әскери ұшаққа қатысты түсінік берді
«4 мамырда жоспарлы тапсырма кезінде Airbus Military компаниясы шығарған С-295 әскери көліктік әуе кемесінің алдыңғы қондыру шоссиі істен шықты. Ұшақ командирі, бірінші дәрежелі ұшқыш Жеңіс Зайнолдиновтің жалпы ұшу тәжірибесі 1700 сағаттан асады. Командирдің көмекшісі, капитан Абылай Ыбыраев пен ұшақтың борт-инженері Кәрім Пахритдинов ақауды жою үшін қажетті барлық шараларды қабылдады. Сағат 20.40-та ұшақ әскери аэродромға аман-есен қонды», - деді ол.
Осы ретте, ҚР ҚК ӘҚК Бас қолбасшының орынбасары экипаж төтенше жағдай кезінде батылдық танытып, жоғары кәсіби шеберлікпен ұшақты алдыңғы қону шоссиінсіз қондырғанын әрі сауатты әрекет еткенін баса айтты.
«Әуе кемесінің қонуын қамтамасыз ететін жердегі қызметтердің де кәсіби әрекетін атап өткен жөн. Авиациялық оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия ұшақ қонған өңірге аттанып кетті. БАҚ өкілдері мен блогерлерден тексерілмеген ақпаратты таратпауды өтінеміз. Тергеуден кейін қосымша ақпарат берілетін болады», - деді Т.Қойшығұлов.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағытындағы әскери ұшақтың алдыңғы шассиі ашылмай, Жетіген аэродромына аман-есен қонғанын хабарлағанбыз.