Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің әншісі жастардың Халықаралық байқау-фестивалінен бас жүлдемен оралды

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің әншісі Күләйым Қайырбаева Санкт-Петербор қаласында өткен «Талап қанатында» атты жастардың халықаралық байқау-фестивалінен бас жүлдемен оралды.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Әнші қыз байқауда эстрадалық вокал аталымы бойынша өнер көрсетті. Ән сайысына әлемнің әр елінен келген 600 өнерпаз қатысып, бақ сынады.

Байқау-фестивальді өткізудегі негізгі мақсат жас таланттардың шығармашылық жетістіктерін шыңдап, өзара тәжірибе алмасу болды. Сонымен қатар, байқауды ұйымдастырушылар ұлттық мәдениеттер бірлігін, ұжымдар мен олардың жетекшілері арасында шығармашылық байланыстарды орнатуды, өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қалыптастыруды алға қойып отыр.

Күләйым Қайырбаева - Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Өнер сахнасында бала күнінен ән салып келеді. Әншінің барлық жұмыс уақыты Орталық ансамбльде өтсе де, ол өзінің дайындық кестесі мен әртүрлі шығармашылық байқауларға қатысуға уақыт табады. Ол «Жас қанат», «Астана - ән жүрегім» байқаулары мен «X-Factor» теле-шоуының дипломдарымен марапатталған. Сондай-ақ, «МІ» Голливуд музыка институтының шақыруымен америкалық студенттер үшін шеберлік-сабақ өткізіп келді.