Оған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің басшылық құрамы қатысты, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Конференцияда қазіргі заманғы геосаяси өзгерістер, әлемнің көптеген аймақтарындағы мемлекеттік құрылысты шайқалтуға тырысқан экстремистік және террорлық-сепаратистік күштердің белсенді қимылынан туындап отырған нақты қауіп-қатерлерге барынша маңыз берілді.
Елбасы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуетті құрылымдардың басшыларымен кездесуінде сыртқы сындарлы қатерлерді ескере келе, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы Күштердің рөлін күшейту маңызды екеніне тоқталған болатын. Қорғаныс министрлігіне Қазақстандағы ішкі ахуал тұрақтылығын бұзу әрекеттеріне қарсы күреске пайдалануға болатын Қарулы Күштердің барлық мүмкіндіктерін тағы да талдаудан өткізу тапсырылды.
Ғылыми конференцияда сөз алғандар қарулы қарсылық түрлерінің мейлінше өзгеріске түскенін атап өтті. Олар бүгінде классикалық қорғану мен шабуылдау жауынгерлік қимылдардың мейлінше кең қолданылатын түрі емес екеніне, оның орнын арнайы жауынгерлік қимылдар ауыстырғанына тоқталды.
«Біз бұл жиында әлі де пысықтауды қажет ететін мәселелерді көтердік. Нәтижесінде бір байламға келдік, - деп атап өтті Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев. - Біз бірінші кезеңде Ұлттық қауіпсіздік органдарымен, Ішкі істер министрлігімен және ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп атқаратын қызметімізді үйлестіруді күшейтуіміз керек. Арнайы операциялық күштерді заманауи қару-жарақтың, байланыс құралдарының және бақылау қондырғыларының үлгілерімен қамтамасыз етуді аяқтау қажет».
Құрлық әскерлерінің басшылық құрамы өз жұмысын кең тараған халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, арнайы операциялық күштерді қолданудың пішіні мен әдістерін талқылаумен аяқтады.