Жарысқа қатысу үшін «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының сегіз әскери бөлімі мен десанттық-шабуылдау әскерлерінен 22 мерген келді. Байрақты додаға қатысуға келмес бұрын әскери қызметшілер өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімдерінде қатаң іріктеуден өтті. Сайыс екі кезеңнен тұрады.
20 мамырда өтетін бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша сайысқа қатысушылардың жалпы санынан 14 үздік мерген таңдалады. Оларға мамырдың 22-і мен 30-ы аралығында екінші кезеңнен өтуге тура келеді. Оның нәтижелері бойынша тек он мерген іріктелініп алынады.
«Бүгінгі сайыс барысында біздің мақсатымыз Қазақстанның құрамасына нәтижелерді жақсарту үшін жоғары әлеуеті бар мықты дайындалған мергендерді таңдау болып тұр», - дейді сайыстың бас төрешісі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары Сабыр Каюмов.
Алдағы болатын сайыстарға барынша жақындатылған жағдайлар мергендерге алған машықтарын пысықтауға, сенімділік пен табандылық қасиеттерін тәрбиелеуге септігін тигізіп, «Мерген шебі» халықаралық байқауына моральдық-психологиялық тұрғыда дайындайды. Іріктелген он мерген осы жылғы тамыздың 1-і мен 10-ы аралығында 40-шы әскери базада өтетін «АрМИ-2017» сайысы шеңберінде «Мерген шебі» халықаралық байқауында Қазақстан Құрлық әскерлерінің намысын қорғайды.
Байқау әрқайсысы бес жаттығуды қамтитын 3 кезеңнен тұрады. Оның біреуі түнде өткізілетін «Жеке сынақ» пен «Жұп сынақ», сондай-ақ «Топтық сынақтан» тұрады. Осы кезеңдердің жаттығулары қатарында нысанаға оқ ату, қорғаныстағы мерген, шабылдау мен торуылда, мерген биатлоны, әуе нысанасы бойынша оқ ату, арнайы оқ ату, патрульдердің жарысы, сондай-ақ «тауып алып, жою» жаттығуы бар.