Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың білім беру жүйесін өзгертуді ұсынады
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Әскери кадрларды дайындау тұжырымдамасы әскери кафедралардың білім беру жүйесін өзгертуді ұсынады. Студенттер бірінші курстан бастап, соңғы курсқа дейін әскери білім ала алады. Бұл студенттер қатардағы жас жауынгер курсынан бастап, взвод, рота командирлері буынына дейінгі лауазымдарға кезең-кезеңмен өтетінін білдіреді», - делінген баспасөз баянында.
Ұсынылған жаңа тұжырымдама жобасына сәйкес еліміздегі 25 әскери кафедрада тек запастағы офицерлер ғана даярланбайды. Келешекте әскерді қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз ету мамандарымен осында білім алған офицерлер толықтыратын болады. Бұл өз кезегінде қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында тек командалық лауазымдарға офицерлер дайындауға толық мүмкіндік береді.