Оның жұмысына Қарулы Күштер түрлерінің, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің сержанттар кеңесінің төрағалары тартылды.
Отырыс жұмысына Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штаб бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысты
«Сержанттардың бүкілармиялық кеңесі жалпы армиядағы басты органдардың бірі саналады. Кеңес отырысында сержанттар қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қарулы Күштердің жиырма жылдық тарихында сержанттар корпусының дамып қалыптасуы үшін орасан зор жұмыстар атқарылды. Қысқа мерзім ішінде сержанттар институтының жеке модулі қалыптасты. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша ол әлемдегі жетекші армиялардан кем түспейді»,-делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бүгінгі отырыстың барысында жоғары сержант құрамы кәсіби кадрларды даярлау және сержант лауазымдарын жасақтаудың сапасы талқыланды. Сержанттар мен офицерлердің өзара іс-қимылдарын нығайту туралы ұсыныстар, Кадет корпусындағы әскери тәртіп пен сержанттарды даярлаудың жай-күйі қарастырылды. Сонымен қатар сержанттардың назарынан қару-жарақ пен әскери техниканың күйі, сарбаздар мен сержанттарды аттестаттау мәселесі де тыс қалған жоқ.
Қарастырылған сұрақтар роталардан бастап Қарулы Күштердің түрлеріне дейін сержанттар кеңестерінде толық талқыланған. Бүкілармиялық кеңестің қорытындылары мен ұсыныстары сержант корпусын болашақта жетілдіре түсудің негізі болып табылады.
Қазақстан Қарулы Күштерінде сержанттар кеңесі бұдан екі жыл бұрын құрылған болатын. Олардың басты тапсырмасы командирлерге әскери қызметшілерді жан-жақты тәрбиелеуде көмек көрсету, әскери ұжымдарда әрбір сержанттың шығармашылық қуатын арттыру болып табылады.