Қорғаныс ведомствосының басшылығы Парламент Мәжілісі депутаттарымен кездесті

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігінде ведомство басшылары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков бастаған депутаттармен кездесуі өтті.

ҚР ҚМ баспасөз қызметінен Оксана Парпура хабарлағандай, кездесу барысында Әділбек Жақсыбеков депутаттарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің даму барысымен таныстырып, еліміздің парламентариилерімен мұндай кездесулер өткізу жағымды дәстүрге айналғандығын тілге тиек етті.

Қорғаныс ведомствосының басшылығы Комитет депутаттарымен бірігіп Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін көтеруге байланысты және әскери қызмет пен әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету туралы заңды жетілдіру жөніндегі бірқатар мәселелерді қарастырып, талқылады.

Қорғаныс ведомствосының басшысы өз сөзінде заманауи Армия құру - бұл тек техника мен қару-жарақты жетілдіру ғана емес, ол бірінші кезекте кәсіби армияның негізі - әскери мамандардың жаңа толқынын тәрбиелеу, кадр қуатын жетілдірудің ажырамас бөлігі саналатын әскери қызметтің беделін арттыру, сонымен бірге әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін көтеру екендігін айтты.

Қорғаныс ведомствосының басшылығы мен Мәжіліс депутаттары кездесуге қорытынды жасай отырып, Қазақстан армиясын одан әрі жетілдіру жөніндегі жоспарлы шараларды жүзеге асыру сапалы өзгерістерге қол жеткізетіндігін және ел Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру талаптарын орындауға мүмкіндік беретіндігін атады.