Қорғаныс вице-министрінің заңсыз әрекеттеріне қатысы бар өзге де азаматтар болуы мүмкін - ҰҚК

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамауға алған Қорғаныс вице-министрі генерал-лейтенант Қажымұрат Мейірмановтың ісіне өзге де бірқатар азаматтардың қатыстылығы тексерілу үстінде», - деп мәлімдеді бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров.

Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты журналистермен болған брифингте мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Баспасөз хатшысы ақпарат құралдарының өкілдеріне тексеру жүргізіліп жатқан азаматтардың атын-атап, түсін-түстеуден бас тартты. «Олардың саны соншалықты көп деуге болмайды. Дегенмен осы іске қатысты болуы ықтимал. Әзірге тергеу шаралары «Семсер» мен «Айбат», «Найза» тәрізді қаруларды сатып алуға байланысты жүргізілуде. Ал жасалған келісімшарт бойынша қомақты қаржы жұмсалған», - дейді баспасөз хатшысы. Оның мәліметтеріне қарағанда, бұл қарулар әзірге тек дайындықтан ғана өтуде және олар толық пайдалануға берілмеген. Сондықтан олардың түбегейлі дайындықтан өткізілулері тиіс. «Соған қарамастан қорғаныс саласының өкілдері қаруларды сынақтан өткізген. Нәтижесінде сыналған қарудың 80 пайызы жарамсыз болып шықты. Ал қорғаныс саласында дайындықтан өткізілуі қажет «Семсер», «Айбат», «Найза» сияқты 54 қаруды сатып алуға 190 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Есеп комитеті мемлекетке келген шығынды 82 миллионнан астам долларға бағалап отыр», - деді баспасөз хатшысы.