Қорғаныс және әскери қызмет саласындағы құқықтық олқылықтар жойылатын болады

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

 Заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның жобасына сәйкес келтіру болып табылады. Бұл ретте әскери қызмет және қорғаныс саласындағы құқықтық олқылықтарды жою көзделеді. Сонымен қатар, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының жобасында көзделген нормаларды іске асыру мақсатында ҚР Еңбек кодексіне, ҚР Бюджет кодексіне және Қазақстанның басқа да заңнамалық актілеріне түзетулер енгізіледі. Әскери қызметті жетілдіру бойынша енгізілетін шаралар бюджет қаражатын үнемдеумен ұштастыра отырып, жауынгерлік әскери бөлімдердің әскери қызметшілерін қамсыздандыруды жақсартуға мүмкіндік береді.

Екінші оқылым барысында сенаторлар бірқатар өзгерістер мен түетулер енгізген болатын. Түзетулердің басым бөлігі қорғаныс және әскери қызмет мәселелерін реттеудегі құқықтық олқылықтардың орнын толтыруға, заң жобасының нормаларын қолданыстағы заңнама актілеріне сәйкес келтіруге бағытталған.