Қорғас бекетіндегі қылмысқа байланысты тағы бір іс қозғалып, іздеу жарияланды

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Қорғас бекетіндегі қылмыстық іске қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланды.

 Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифинг барысында ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі алдау және сенімге қиянат жасау арқылы Қорғас кеден бекетіндегі қылмыстары бойынша қамауға алынған тұлғалардан қылмыстық қудалауды тоқтатуға және оларға қолданылған бұлтартпау шарасын өзгертуге ықпалдасқаны үшін 5 млн. АҚШ долларын алды деген айыппен Юсупув, Зиманов, Әубәкіровке және Қосмановқа қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқандығын бұрын хабарлаған болатынбыз. Ағымдағы жылдың 13 наурызында жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты аса ірі көлемде пара беруге айдап салу фактісі бойынша қосымша тағы бір қылмыстық іс қозғалды», - дейді М. Жұманбай.

Оның айтуынша, бұлардан бөлек ағымдағы жылдың 29 наурызда  аталған істің аясында Талғат Қайырбаевқа және оның ағасы Бекболат Қайырбаевқа  қатысты аса ірі көлемде пара беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Бекболат Қайырбаевты қамауға алу туралы соттың санкциясымен іздеу жарияланды. Қылмыстық іс тергелуде», - деді М. Жұманбай.