«Қорғас» халықаралық орталығының қазақстандық бөлігінде құрылыс жұмыстары кешеуілдеуде
Бұл туралы бүгін Алматыда 22-27 қазан күндері «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығында (ШМЫХО) «Қорғас арқылы Жібек жолы бойымен» деген атпен тұңғыш рет өткелі отырған Қазақстан-Қытай сауда жәрмеңкесі туралы баспасөз мәслихатында айтылды.
«Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы» АҚ-ның вице-президенті Сәкенғали Нұртазиннің айтуынша, «Қорғас» ШМЫХО-ны құру туралы шекті келісімге 2004 жылы қол қойылып, 2005 жылы Қытаймен «Қорғас» ШМХЫО» қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісім жасалды. Ал 2011 жылы «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылды. «Қорғас» ШМХЫО» аумағы 528 гектарды құрайды. Оның 185 гектары Қазақстанға, 343 гектары Қытайға тиесілі.
«Бүгінгі күнге дейін оның қазақстандық бөлігіне бюджеттен әкімшілік, техникалық инфрақұрылымға 1,5 млрд. долларға жуық қаржы жұмсалды. Сондай-ақ 2,5 млрд. долларға жеке бизнес инвестициясы салынды. Қазіргі таңда біз жеке инвестиция салу жағынан кешеуілдеп келе жатырмыз. Қытай жағында құрлыс белсенді жүріп жатыр. Оған мемлекеттік қолдау ықпал етуде. Онда жобаға жұмсалатын инвестиция мемлекеттік, жеке деп бөлінбеген», - дейді С.Нұртазин. Оның сөзіне қарағанда, қазір орталықтың қазақстандық бөлігінің тұжырымдамасына өзгерістер әзірленуде. Өйткені қонақ үй мен мейманхана саны бастапқыда екі жақта бірдей болады деп есептелген еді. Қазір оған қажеттілік болмай тұр. Сондықтан алдағы уақытта оның жаңа жобасы ұсынылмақ.