«Қорғас» ХШО-да 500 қытай компаниясының қатысуымен Қазақстан-Қытай сауда жәрмеңкесі өтеді

None
АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Алғаш рет Қазақстанның бастамасымен 22-27 қазан аралығында «Қорғас» халықаралық шекаралас әріптестік орталығы аймағында «Қорғас арқылы Жібек жолы бойымен» атты Қазақстан-Қытай сауда жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда, деп хабарлайды strategy2050.kz.

Хабарламада айтылғандай, жәрмеңке барысында үш сауда орталығы жұмыс істемек: «Су Синь», «Цзян Юань» және «Чжун Кэ». 500-ден астам қытай компаниялары электроника мен техника, киім мен аяқ киім, автомобиль аксессуары мен бөлшектері, шаруашылық және галантереялық тауарлар, ойыншықтар мен спорт тауарлары, перделер мен аспашамдар, тон мен былғары кеудешелер секілді тауарларын ұсынады.

Қазақстан азаматтары «Қорғас» халықаралық шекаралық әріптестік орталығының Қытай жақ бетінде қолында төлқұжаты болса, визасыз 30 тәулікке дейін бола алады.

Аталмыш жәрмеңкеден алынған 1500 еуро немесе 1 адамға 50 келі көлеміне дейінгі тауарларға кедендік алым алынбайды.

Айта кету керек, бүгінде жобаны Қазақстан бөлігінде орындау бойынша 11 инвестормен құны 87,3 млрд теңге болатын 41 нысан құрылысы туралы 26 келісімшарт жасалды. Қазірде 3 уақытша сақтау терминалының «Senko LancasterSilk Road Logistics» ЖШС компаниясы құрылысы аяқталу үстінде. Құйылған инвестиция көлемі 700 млн теңгеден астам.