«Қорғас» ісінде миллиондаған қаржының мүлкіне тыйым салынды
«Алматы қаласының прокуроры айыптау қорытындысын бекіткеннен кейін іс үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотына мәні бойынша қарау үшін жолданды. Айыпталушыларға және олардың қорғаушыларына көлемі 35 томды құрайтын айыптау қорытындылары табыс етілді. Сотқа түскен қылмыстық істердің көлемі 1576 томды құрады. Тергеу барысында ұлттық қауіпсіздік және кедендік бақылау органдарының лауазымды тұлғалары қолдау көрсеткен ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастықтың қылмыстық кестесі ашылды. Олар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізуді қамтамасыз еткен»,-делінген ҚР Бас прокуратурасының хабарламасында.
Қытайдан Қазақстанға тауарларды контрабандалық жолмен кіргізу, қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражатты алу және заңдастырудың схемасы ашылып, айыпты тұлғалар анықталды. Кеден органдарының қорытындысы бойынша 2011 жылы әкелінген және ұсталған контрабандалық жүктің құны 1,5 млрд. теңгені құраған.
Ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастықтың бақылауындағы 34 кәсіпорын анықталды, олар жалған тұлғалардың атына рәсімделген және олардың мекен-жайына негізгі контрабандалық жүк ағымы жіберілген. Сондай-ақ қылмыстық кесте бойынша құжаттарды рәсімдеген брокерлік компаниялар анықталды.
«Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастықтың 2 жетекшісі және қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражатты шоғырландырған 3 кассирі әшкереленді. Қылмыстық қоғамдастықта атқарылатын рөлдеріне байланысты іс бойынша жауапкершілікке тартылып отырған тұлғалардың қатарынан жалған ілеспе, сондай-ақ кедендік құжаттарды дайындаумен айналысып келген 6 брокер, контрабандалық жүкті алып жүру тобынан 8 адам, ҚХР-дан контрабандалық жүкті жіберуші 1 адам, кедендік бекеттерде жалған құжаттарды пайдалану арқылы контрабандалық жүкті кедендік тазартуды жүзеге асырған 8 айыпталушы анықталды»,-деп атап өтілген бұл мәліметтерде.
Белгілі болғандай, атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 67 жылжымайтын мүлік нысанына, 162 автокөлікке, сонымен қатар банк есеп-шоттарында, сейф жәшіктерінде сақталған 69 млн. теңгеге, 1,5 млн. АҚШ долларына, 164 мың еуроға, құны 1,5 млн. теңгені құрайтын алтынның 8 троя унциясына (284,828 грамм), құны 2,6 млн. теңгені құрайтын платинаның 10 троя унциясына (311,035 грамм), құны 1,1 млн. теңгені құрайтын палладийдің 10 троя унциясына (311,035 грамм) тыйым салынды.
Атап айтқанда, айыпталушылардың тұрғын үйлерін тінту барысында 10,2 млн. теңге, 354 мың АҚШ доллары, 70 мың араб дирхамы, 52 мың ресей рублі, 61 мың қырғыз сомы, 5 мың ағылшын фунт стерлингі сомасындағы қолма-қол ақшалай қаражат, сондай-ақ ірі көлемдегі құнды заттар тәркіленіп, тыйым салынды.
Заңсыз табылған қаражатты заңдастыру компаниялар желісі арқылы, атап айтқанда, «ТАТ Кредит» кредиттік серіктестік» ЖШС арқылы жүргізілген, оның жетекшісі лауазымды тұлғалар еңгізген ақшалай қаражаттың негізінде оларға Алматы және Астана қалаларындағы тұрғын-үй кешендеріндегі қымбат тұратын пәтерлер және басқа мүліктер сатып алуды, олардың және отбасы мүшелерінің карточкалық есеп-шоттарын толтыруды, шетелдік сапарларын төлеуді және басқа да шараларды қамтамасыз еткен көрінеді.
«Қазіргі уақытта ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшін 45 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр, олардың арасында ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 қызметкері, кеден қызметінің 15 қызметкері бар. Қылмыстық іс бойынша 42 айыпталушы тұтқындалды, 3 тұлғаға қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бөлек шығарылған қылмыстық іс бойынша 19 айыпталушыға іздеу жарияланды.