«Қорғас» кеден бекеті арқылы өтетін көліктер саны биыл 2 еседен астам ұлғайды

/strong>Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кедендік одақтың құрылуы дағдарыстан кейінгі экономикалық қатынастардың қайта жандануына өз әсерін тигізе бастады. Кеден орындары ағымдағы жылдың 5 айында кедендік төлемдер жоспарын 114 пайызға орындады.

Ел қазынасына жоспарланған 15 миллиард 294 миллион теңгенің орнына 18 миллиард 294 миллион теңге түсті. Соның нәтижесінде 42,8 миллиард теңгені құрайтын жылдық жоспар қазіргі кезде 43 пайызға орындалып отыр. Бұл бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруға Алматы облыстық Кедендік бақылау басқармасы өз үлесін қосып отыр. Басқарма бастығы Құрманбек Артықбаевтың айтуынша 5 айда Алматы облысының үлесі экспортта - 10,4 пайыз, импортта - 89,6 пайыз болды. Ал сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі 692 миллион АҚШ долларын құрауда. Мәселен «Қорғас» кеден бекеті арқылы жыл басынан бері 8713 жүк көлігі өтті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 3500 көлікке артық.

«Қазір Кеден одағына кіру төңірегінде көптеген сұрақтар туындап отыр. Менің ойымша, бұл одаққа кіру біздің сауда-саттық қарым-қатынасымызға кері әсерін тигізбейді. Өйткені бүгінгі күні төлемдер көбейіп, Алматы облысы бойынша көрші Қытай елімен арадағы сауда-саттық айналымы 43 пайызға жетіп отыр, ал республика бойынша 6 пайыздың төңірегінде. Кеден одағына кіргелі бері шет елден көлік тасымалдау төлемдері 30-40 пайызға өсіп, азаматтарымыздың автокөлік әкелу мәселесі қиындап кеткен еді. Қазіргі таңда бұл мәселе өз шешімін тауып, төлемдер құны бұрынғы қалпына келтірілді», дейді Қ.Артықбаев. Бұл Үкімет басшысының ресейлік әріптестерімен жүргізген келісімінен кейін жүзеге асты. Енді Қазақстанның әрбір азаматы 2011 жылдың 1-ші шілдесіне дейін жылына бір рет шет елден 1 автокөлік әкеле алатын болды.

Мамандардың айтуынша, Кеден одағы құрылғалы бері кеден қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру күрт жақсарды. Бұл кедендік төлемдер мен салықтардың қосымша өндірілуіне өз септігін тигізуде. Мәселен Алматы облыстық кеден басқармасының деректеріне қарағанда, олар 5 айда кедендік төлемдер мен салықтардан бюджетке қосымша 100 миллион 938 мың 802 теңге көлемінде кіріс кіргізді. Сонымен қатар 270 әкімшілік іс қозғалып, 4 миллион 701 мың 017 теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Кедендік бақылау басқармасы тарапынан 62 қылмыстық іс қозғалды. Оның 5-і қауіпсіздік желісі бойынша болса, қалған 57-сі контрабандаға қарсы күрес басқармасы құрамындағы анықтау бөлімі қозғаған қылмыстық істер.

«Кез келген мемлекеттік орган жұмысындағы басым бағыттардың бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес екендігі белгілі. Сондықтан біздің басқармада да жеке құрам арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда бірқатар іс-шаралар жасалуда. Басқарма құрамындағы Ішкі қауіпсіздік бөлімі 42 қызметтік тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша 37 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Басқарма қызметкерлеріне қатысты қозғалған 9 қылмыстық істің бесеуі ішкі қауіпсіздік бөлімі тарапынан қозғалған еді. Мақсатты алдын алу жұмыстарын жүзеге асыру нәтижесінде осы жылы басқарма қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзыушылыққа жол берілген жоқ», дейді Алматы облысы бойынша Кедендік басқарманың бастығы Құрманбек Артықбаев.

«Қорғас» Кеден бекеті бастығының орынбасары Ризабек Қалмаждаровтың сөзіне қарағанда, Қытайдан келген жүк көлігі алдымен сканерлеу аппаратынан өткізіледі және онда не әкетіп бара жатқандығы тіркеліп, электронды құлып салынады. Кеден бекетінде жүк тасымалдаушылардың мәліметі бойынша көлікті тексеру жұмысы межелі кеден бекетіне жеткен кезде ғана жүргізіледі.Электронды құлыпта көлік иесінің берген мәліметі бойынша көлікте кім, не алып бара жатқандығы және ол орталық қызмет көрсету орталығында онлайн жүйесі арқылы тіркеліп, бақыланып отырады. Мысалы Қарағанды қаласына баратын жүкті Атырауға алып кетуге болмайды. Ол электронды чип арқылы бақыланып отырады. Сонымен қатар электронды құлып салынған жүк көліктерін жол бойындағы еш пост тоқтатпайды. Көлік межелі орынға жеткен кезде ғана ондағы кеден қызметкерлері электронды құлыпты шешіп, көлік жүргізушісінің берген мәліметі бойынша ондағы заттарды тексереді. Бұл кәсіпкерлердің жүк тасымалдауға жұмсалатын уақытын едәуір азайтып, жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.