«Қорғас» кеден бекетінің шекарашылары Қазақстаннан 235 келі нефритті шығармақшы болған ер адамды ұстады - ҚР ҰҚК

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Қорғас» кеден бекетінің шекарашылары жақында Қытайға жол тартқан Қазақстан азаматын ұстады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Аталған азаматтың жүгін тексеру барысында жалпы салмағы 235 келі болатын қызыл, жасыл және ақ түсті 50 нефрит тасы анықталды. Азаматта нефритті Қытайға шығаруға рұқсат құжаттары болған жоқ.

Қазір контрабандалық жүк сараптамаға жіберілді, тергеуалды тексеріс жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 20 мамырында аталмыш кеден бекетінде шекарашылар жалпы салмағы 78 келіні құраған нефрит тастарын өткізбек болған тағы бір отандасымызды ұстады.