«Қорғас» ШЫХО: келушілер саны 1,8 млн-ға жетті

Фото: Жұмабай Мұсабеков

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдарда «Қорғас» ШЫХО-да инфрақұрылымды цифрландыру, автоматтандыру және жаңғыртудың кешенді іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде аталған орталық туризмді, сауда мен инвестицияны дамытуға бағытталған заманауи инфрақұрылымы бар тиімді алаңға айналды. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Қорғас» ШЫХО басқарма төрағасының орынбасары Сейілбек Садырбектің айтуынша, мұнда барлық басқару және өткізу жұмыстары толық цифрландырылып, Face ID жүйесі енгізілген.

— «Қорғас» ШЫХО-ның басты ғимаратына күрделі жөндеу жұымысы жүргізіліп, оған кіруден бастап, тауарды беруге дейінгі процестің бәрі толық цифрландырылды. QR код арқылы онлайн билет алу мүмкіндігі жасалды. Осының нәтижесінде орталықтың өткізу қабілеті айтарлықтай өсті. Мысалы, 2024 жылмен салыстырғанда былтыр келушілер саны 16 пайызға артты. Бұған дейін біз 4-5 мың адам ғана қабылдасақ, қазір 9 мың адамға дейін қабылдау мүмкіндігіміз бар. Биыл бұдан да көп турист келеді деп күтудеміз, — дейді С. Садырбек.

Фото: Жұмабай Мұсабеков

Сонымен қатар екінші багаж терминалы, жүк тасымалдау бойынша «Қазпошта» сервисі іске қосылды. Соның арқасында тауар тасымалдау жеңілдеген. Мәселен, бұған дейін тауар тасымалы 4-5 сағатқа созылса, цифрландырудың арқасында бұл жұмыс 1-1,5 сағатта атқарылатын болды.

Фото: Жұмабай Мұсабеков

Өз кезегінде тұрғындар қазір бекетте кептеліс азайып, жұмыс едәуір жеңілдегенін айтады. Мәселен, Жаркент қаласының тұрғыны Лилия Жұмаханова:

— Жұмысыма байланысты күнделікті бекет арқылы өтемін. Әр келген сайын оң өзгерістерді байқаймын. Бұрын бекеттегі ұзын-сонар кезек сыртқа дейін созылатын. Қазір бұрынғыдай емес, цифрландыру арқылы кезек бір ізге қойылды, ғимараттың іші кеңейіп, жаңартылды, — деді ол.

Фото: Жұмабай Мұсабеков

Жаркент қаласының тағы бір тұрғыны Мадияр Құрманбаев:

— Бұрын біз билет алу үшін бекетке арнайы келіп, кезекке тұратынбыз. Ол тұрғындарға айтарлықтай қиындық туғызатын. Қазір цифрландырудың арқасында билетті түрлі банк желілері арқылы онлайн алып, бекеттен оңай өтетін болдық, — дейді.

Фото: Жұмабай Мұсабеков

Қабылданған шаралардың нәтижесінде орталыққа келушілер саны 2023 жылы 966,9 мың болса, бұл көрсеткіш 2025 жылы 1,8 млн. адамға жетті.

Фото: Жұмабай Мұсабеков

Сөйтіп, «Қорғас» ШЫХО инфрақұрылым мен цифрлық сервисті, туризм мен еларалық сауда-саттықты дамытуға ықпал етіп отыр.