«Қорғас» ҰҚТ-ның іздеуде жүрген «кассирлері» мен белсенді мүшелері Қырғызстанда қолға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қорғас» ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығының іздеуде жүрген «кассирлері» мен белсенді мүшелері ұсталды, деп хабарлады ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, 2013 жылғы қыркүйекте Қаржы полициясы агенттігінің сұрауы бойынша Түрік Республикасының құқық қорғау органдарымен «Қорғас» және «Қалжат» кедендік бекеттерінде экономикалық контарбанданы жүзеге асырған ұйымдасқан қылмыстық топтың «кассирлерінің» бірі Дәурен Төлебаев Ыстамбұл қаласында ұсталды. Қазір ол қамауда, оны Қазақстанға экстрадициялау бойынша іс-шаралар қабылдануда.

Ал 2014 жылғы 30 қаңтарда Қаржы полициясы агенттігінің сұрауы бойынша Қырғыз Республикасының ІІМ қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүзеге асырып, «Қорғастық» ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың белсенді мүшелері Ерлан Мәлібаев мен Турсунмагамет Богаевты ұстады. Тергеу материалдарына сәйкес Мәлібаев қылмыстық қауымдастықта кеден шекарасы арқылы контрабандалық өткізу үшін кәсіпкерлерден заңсыз алым жинауға жауапты болған. Ұстау кезінде Мәлібаевта Қырғыз Республикасы азаматының жалған құжаттары табылғандықтан, оған қатысты осы елде қылмыстық іс тергелуде. Т.Богаев ағымдағы жылғы 14 наурызда қаржы полициясы қызметкерлерімен Қазақстан Республикасына экстрадицияланды.

«2013 жылғы 21 қазанда Алматы қаласында ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың мүшесі, Алматы қаласының Кедендік бақылау департаментінің «Алматы» кедендік рәсімдеу орталығының бұрынғы бастығы Марат Пірінбеков ұсталды. 2014 жылғы 20 наурызда Шығыс Қазақстан облысында қылмыстық қауымдастықтың жүктерді алып жүру тобына кірген Алик Қайырбаев қолға түсті», - делінген хабарламада.

Бүгінгі күні Богаев, Қайырбаев және Пірінбеков Алматы қаласы мен Алматы облысының Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің тергеу абақтысында, жақын уақытта олар да сотқа тапсырылатын болады. «Қорғастық» ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың тағы 13 мүшесі іздеуде.