Бұл шара Алматы облысы әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы», «Жолаушылар тасымалы» АҚ, Қазақстан туризмі қауымдастығы, «Тұран Экспресс» жолаушылар компаниясы, Алматы автовокзалдарының қолдау көрсетуімен ұйымдастырылмақ.
«Жәрмеңке кезінде Қытайдың 3 сауда орталығы жұмыс жасайды. Онда 500-ден аса қытайлық компания өз тауарларын таныстыратын болады. Олардың ішінде электроника және техника, киім-кешек және аяқ киім, автокөлік бөлшектері мен керек-жарақтары, шаруашылық және ұсақ-түйек тауарлар, ойыншықтар мен спорттық тауарлар, перделер мен аспашамдар, тон мен былғарыдан жасалған кеудешелер және т.б. тауарлардың үлкен жиынтығы бар. Жәрмеңкеде тауар бағалары Үрімшімен салыстырғанда төмен болады», - дейді «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» АҚ-ның вице-президенті Сәкенғали Нұртазин. Оның айтуынша, бұл жәрмеңкеге күн сайын Қазақстаннан 1,5 мың, Қытайдан 1 мың адам барады деп жоспарланып отыр. Ал орталықтың қазақстандық тарапы күніне 10 мың адамға дейін өткізе алады.