Қорғаста заңсыз ішімдік алып өтпек болған жігіт ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаста шекарашылар заңсыз ішімдік алып өтпек болған жігітті ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қорғас шекаралық бақылау отрядының жауапкершілік аумағында орналасқан Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығында шекарашылар 25 ақпанда Орталық аумағынан қайтып келе жатқан, шекаралық тексеруді өтіп болған 1989 жылы туған қазақстандықты ұстады. Ол ел аумағына 140 шөлмек арақты (Қытай өнімі) заңсыз өткізбек болған», - делінген хабарламада.

Дәл осы шекара жасағы «Алтынкөл» кеден бекетінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, сағат кешкі 18:00-дер шамасында 22 жастағы қазақстандық азаматшаны ұстады. Ол 1 мыңнан астам компьютердің, 333 дана смартфон дисплейін заңсыз алып өтпек болған.

Айта кетерлігі, демалыс күндері бұл отрядтың шекарашылары Орталық аумағынан, иесіз екі тоннадан астам халық тұтынатын тауарлар мен 1 центнерге жуық қытай дәрі-дәрмегін, 10 кг-ға жуық ұялы телефонның жабдықтарын тауып алып, «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырған болатын.