Қорғастағы шекара сызығының өзгеруі селден қорғайтын нысанның құрылысын кешіктірген
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Мәжілістің жалпы отырысында Қорғастағы шекара сызығының өзгеруі селден қорғайтын нысанның құрылысын кешіктіргенін мәлім етті.
Депутат Арман Қалықов министрден былтыр ведомствоға бөлінген 8,1 млрд теңгенің неге игерілмей қалғанын сұраған.
— Шынымен де былтыр 8,1 млрд теңгені игермеген болатынбыз. Оның объективті себептері бар. Мысалы, былтыр 2,4 млрд теңгені қайтарғанбыз. Бұл жерде Қытай Халық Республикасымен шекарада, Қорғаста селден қорғау ғимаратын салуымыз керек еді. Былтыр демаркациялық сызықтың координаттарында өзгерістер болды. Осы мәселелер құрылыстың уақытша тоқтауына әсер етті. Биыл қайта жандандырдық. Бүкіл мәселе шешілді. Жыл аяғына дейін аяқтаймыз деп ойлаймын. Қазіргі таңда жұмыс 85 пайызға орындалды. Жалпы құрылыс 2013 жылдан бері жүріп жатыр. Биыл аяқтаймыз, — деді ТЖМ басшысы.
Айтуынша, қалған 5,7 млрд теңге мемлекеттік тапсырыстың сапасыз орындалуы кесірінен игерілмей қалған.
— Қалған ақшаға келсек, тауарлардың техникалық сипаттамаға сай келмеуі, келісімшарт міндеттемесін орындамау сияқты мәселелер себеп болды. Біз басты орынға сапаны қоямыз. Ол мәселе жеке бақылауымда. Қазір сотта іс қаралып жатыр. Бірқатар талап-арыз бойынша жеңіп шықтық та. Сондықтан биыл да осындай жұмысты жалғастырамыз. Қаржының игерілмей қалуына жол бермеймін деп ойлаймын, — деді Шыңғыс Әрінов.
Ал кеше, Қытаймен шекарада жаңа айналма жол салынатыны мәлім болды.