Қорғастағы шекаралық сауда үлгісін орталықазиялық аймақтық экономикалық ынтымақтастық елдеріне тарату керек - Бартолемей Камински

None
АЛМАТЫ. Маусымның 28-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысы Панфилов ауданында Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық саудаға 3250 адам қатысуда. Оны Орталық Азиядағы шекаралық сауда туралы арнайы жазылған зерттеу еңбегі авторларының бірі Барталомей Камински бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шекаралық саудаға қатысушылардың айтуынша, олардың әрқайсысы тағы 2-3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жаркентте шекаралық саудаға еңбекке қабілетті адамдардың 20 пайызы тартылған. Салыстырмалы түрде айтатын болса, онда еңбекке қабілетті тұрғындардың 10 пайызы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде, 7 пайызы өнеркәсіпте, 7 пайызы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайды. Ал әрбір алтыншы тұрғынның тіршілігі шекаралық саудадан алынатын кіріске тікелей тәуелді», дейді Б. Камински. Оның айтуынша, Панфилов ауданының тұрғындары визасыз бір күн Қытайға кіре алады. Сондай-ақ, құны 1 мың доллардан аспайтын 50 киләға дейінгі жүкті кедендік алымсыз алып жүруіне мүмкіндігі бар. Келісім бойынша құны 10 мың доллардан аспайтын 10 тоннаға дейінгі ауыл шаруашылығы тауарларын және 2 тоннаға дейінгі өнеркәсіп тауарларын 17 пайыздық бірыңғай мөлшерлемемен жеңілдетілген кедендік рәсімдеуден өткізуге болады.