***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілсе, оған қажеттілік 360 мың тоннаны құрайды. АШТӨ үшін дизель отынының еліміз бойынша жеткізу бағасы литріне 81 теңгені құраса, бұл рыноктағы бағадан он-он бес пайызға төмен болып отыр. Ауылшаруашылық техникасы дайындығының қарқыны былтырғы деңгейден жоғары көрсеткішке жеткен. Ағымдағы жылы егіс жұмыстарына 2,7 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешендері қатыспақ. Бұл қысқа агротехникалық мерзімде дәнді дақылдардың егіс алқабының жартысын себуге мүмкіндік туғызады. Қазіргі таңда оңтүстік өңірдің ауылшаруашылық құрылымдары көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді бастап та кеткен. Майлы дақылдар - 26, көп жылдық шөптер - 52, ал көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 18 пайыз егіс алқаптарына егілген. Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында көтерілген бұл мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Көктемгі егіс - жауапты жұмыстар кезеңі» атты тақырыппен басылды.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, 7 сәуірде Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласында болды. Сапар аясында қазақстандық сыртқы саясат мекемесінің басшысы Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі
Сауд Әл-Фейсалмен келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен өзара қызығушылық тудырған халықаралық және аймақтық мәселелерді талқыға салып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың алдағы дамуына қатысты шараларды, соның қатарында инвестициялық саланы қозғады. Үлкен делегациялармен алмасу бойынша және биылғы күзде Эр-Риядта үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізуге байланысты уағдаластыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттер арасында тікелей әуе бағыттарын ашудың мүмкіндігін қарастырды. Аталмыш сапар барысында атқарылған істер туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Сауд Арабиясына сәтті сапар» атты мақалада.
***
Қазақстанның Кедендік бақылау комитетінің жаңа басшысы «мафияны» анықтаған! Мәжит Есенбаев тіпті оған кіретіндердің аты-жөндеріне дейін біліп алған деседі. Министрлер кабинетінің кешегі жиынында комитет басшысы құзырлы органдардан «Қорғастағы» жағдайды «шайқалтып» жатқан 50-60 адамды тексеру керектігін мәлімдеді. Бас кеденшіні қатты таңғалтқаны, әлгілердің бәрі жаппай қызметтік визаға ие екен. Осыған орай М.Есенбаев Үрімшідегі консулдық қызметтен бұл «жомарттықтың» мән-жайын білуді сұрады. Айтпақшы, тәртіпті қатайту аясында енді жеке адамдардың кеденнен, алым-салықсыз, қаптаған киім-кешек сынды тең-тең жүк алып өтуіне де тосқауыл қойылмақ. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қорғастағы» жағдайды кім тұрақсыздандырып отыр? атты мақаладан оқыңыздар.
Алдағы 14 мамырда «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден білім аламын деушілерден өтініш қабылдау басталады. Биыл мемлекет қазынасынан осы бағдарлама үшін 15 млрд теңге бөлінді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша үміткерлерді іріктеуде айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Мәселен, биыл алғаш рет педагог, дәрігер және инженер-техник мамандар шетелде тағылымдамадан (стажировка) өтетін болды. Бұл туралы кеше Халықаралық бағдарламалар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Ал биыл аталған бағдарламамен қанша адамның шетелге жол тартатыны 11 сәуір күні өтетін Кадрларды шетелден даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында айқындалмақ. Аталмыш мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Болашақпен» барғандар, шетелде енді қалмаңдар!» аттымақаладан кеңірек білуге болады.
***
Биылғы жылдың мамыр айында Астанада «Бейбітшілік пен келісім» адамзаттың таңдауы» атты тақырыппен IV Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі өтеді. Аталмыш форумды халықаралық қауымдастық қазақстандық «ноу-хау» деп атап та үлгерді. Шын мәнінде дінге қатысты мәселелерді осыншама кең ауқымда талқыға салатын жиындарды әлі әлемнің бірде-бір елі ұйымдастырмапты. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі жаһандық маңызға ие. Аталмыш жиынның мән-маңызы мен оның осы уақытқа дейінгі қол жеткізген жетістіктері, сондай-ақ жиынның биылғы жылы оның қалай ұйымдастырылатындығы жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Человечество выбирает мир и согласие» атты мақалада тарата жазылған.