Қорғастан Батумиге дейін: Орта дәліз бойымен жаңа веломарафон өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 21 қыркүйекте Қорғас қаласында «Khorgos — Batumi 2026» халықаралық веломарафоны басталады. 50 күнге жоспарланған экспедицияда грузиялық велосаяхатшы сегіз елдің аумағы арқылы 5,5 мың шақырымнан астам жол жүріп, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліз бағытын басып өтеді.

Фото: Нодар Беридзенің жеке архивінен

Қазақстан маршруттың алғашқы елі әрі негізгі кезеңдерінің бірі болады. Велошабандоз еліміздің аумағында шамамен 1,7 мың шақырым жолды жүріп өтеді. Қорғастан басталған бағыт Шелек пен Алматы арқылы өтіп, одан әрі Қордай, Меркі, Тараз және Шымкентке ұласады. 

Фото: Нодар Беридзенің жеке архивінен

Жобаның ұйымдастырушысы әрі негізгі қатысушысы — грузиялық велосаяхатшы Нодар Беридзе. Ол он жылдан астам уақыт бойы велосипедпен әлем елдерін аралап келеді. Осы уақыт аралығында Н. Беридзе шамамен 70 мың шақырым жол жүріп, 28 елде болған.

Экспедицияның алғашқы кезеңі 21 қыркүйекке жоспарланған. Велошабандоз Қорғастан Шелекке дейін шамамен 200 шақырымды еңсереді. Келесі күні Шелектен Алматыға тағы 130 шақырымдай жол жүреді. 23-24 қыркүйекте Алматыда бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған. Ал 25 қыркүйекте маршрут Қордай бағытымен жалғасады.

Фото: Нодар Беридзенің жеке архивінен

Кейінірек велосаяхатшы Қазақстанға 21 қазанда Қарақалпақстан тарапынан қайта кіреді. Бұл жолы бағыт Бейнеу, Сай-Өтес, Шетпе, Құрық және Ақтау арқылы өтеді.

Осылайша, Қазақстан халықаралық маршруттың бастау нүктесі ғана емес, Орталық Азияны, Каспий өңірін және Кавказды байланыстыратын бағыттың негізгі бөліктерінің біріне айналады.

Фото: Нодар Беридзенің жеке архивінен

Веломарафон Қытайды, Орталық Азия елдерін, Каспий өңірін, Кавказ бен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік маршруты, яғни Орта дәліз бойымен өтеді.

— Экспедицияның мақсаты — Орта дәліздің көлік және экономикалық маңызын ғана емес, өңір елдері арасындағы байланыстарды дамытудағы рөлін де көрсету, — дейді Нодар Беридзе.

Жалпы, экспедиция 50 күнге созылып, 10 қарашада Батуми қаласында аяқталады. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан аумағын басып өткеннен кейін маршрут қайтадан Қазақстанға кіріп, одан әрі Әзербайжан мен Грузия арқылы жалғасады.

Бұған дейін Үрімшіден Астанаға дейін велосипедпен жүріп өткен Бүрлен Әділетқызы туралы жазған едік. Биыл Бүрлен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ұзақ велосапарын елордада аяқтады.