Қорғастың еншілес компаниясы бәсеке туралы заңды аяқасты еткен
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы «АЭА Басқарушы компаниясы» АҚ-ның еншілес компаниясы «Қорғас-Коммерц» ЖШС-нің бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзғаны белгілі болды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің мамандары мәлімдеді.
Департамент өкілдерінің айтуынша, «Қорғас-Коммерц» ЖШС конкурстық іріктеу өткізбестен, «Қорғас» ХШЫО аумағында Қытай бөлігінен келген жолаушыларды тасымалдау бойынша «Silk Road Starlight Tour» ЖШС-мен консорциум туралы шарт жасасқан. Бұл әрекет бір кәсіпкерге басымдық беріп, басқа қатысушыларды тендерге қатысу мүмкіндігінен айырған.
«Бұл бір компанияның негізсіз артықшылыққа ие болуына жол ашып, Кәсіпкерлік кодекстің 194-бабының талаптарын бұзды. Біздің хабарламаға сәйкес, келісім-шарт бұзылып, нарықтағы бәсекелестік қалпына келтірілді», – деп хабарлады департамент мамандары.
Еске салайық осыған дейін Жетісуда аудит тексерген мемлекеттік сатып алудың 92%-ынан кемшілік анықталғанын жазғанбыз.