Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында осындай шешім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, Мәжілістің салалық комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне алдын ала тергеуді және анықтауды жеңілдетілген тәртіппен жүргізу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұрын Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Сенат 12 түзету енгізген. Бүгінгі отырыста үлкен пікірталас тудырған Сенат енгізген «көрген адам» деген сөз болды.
Жұмыс тобының жетекшісі Рамазан Сәрпеков комитет отырысында заң жобасына Сенат енгізген түзетулер жөнінде баяндап берді. Даулы болған мәселенің Мәжілісте талқыланбағанын, аталмыш сөздің мағынасы ашып көрсетілмегенін айтты. Бас Прокурордың орынбасары Иоганн Меркель «көрген адам» сөзінің мағынасын ашу керектігі, келісім комиссиясын құрмай-ақ, Сенаттың ұсынысын қабылдау туралы пікір білдірді.
Отырысқа төрағалық етуші, аталған комитеттің жетекшісі Рахмет Мұқашев мағынасы берілмеген сөзді заң жобасына енгізуге болмайтынын айтты. Осы түзету жөнінде комитет мүшелері Зағипа Бәлиева, Жақып Асанов, Серік Темірболатов, Светлана Бычкова, Николай Турецкий, Мұхтар Тінікеев, Ирак Елекеев, Людмила Хочиевалар өз пікірлерін білдірді.
Ұзақ пікірталастан кейін қос Палата арасында келісім комиссиясын құру жөнінде комитет мүшелері бір ауыздан дауыс берді. Комиссия құрамына Мәжілістен Рамазан Сәрпеков, Жақып Асанов, Серік Темірболатовтардың кандидатуралары ұсынылды.