Көрісу күні: Өнер иелері қарттар мен балаларды концертпен қуантады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Наурыз мерекесінің бастауы – Көрісу күніне орай «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы қайырымдылық іс-шараларын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақконцерттің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы Көрісу күніндегі іс-шаралар қарттар мен балаларға арналады.

Атап айтқанда, 14 наурыз күні сағат 11:00-де Қазақконцерт құрамындағы «Astana Musical» мемлекеттік театры елордадағы «Шарапат» қарттар үйінде өнер көрсетеді. Театр әртістері қарияларды «Сиқырлы сазды хор концерт» атты туындымен қуантпақ. Көрермендер ерекше форматтағы театрландырылған шоуды тамашалай алады. Хор-концерттің бағдарламасына жаңа өңдеудегі халық әндері, әлемдік хиттер мен мюзикл ариялары, ретро-композициялар, белгілі заманауи әндер енген.

Сағат 12:00-де Қазақконцерт әртістері Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатта концерт өткізеді. Іс-шараның мақсаты – балаларға және жасөспірімдерге көрісу дәстүрінің мән-мағынасын түсіндіру, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Әртістер арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны ұсынады. Сахнада Жеңіс Сейдуллаұлы, Кұрмаш Махан, Гүлсім Мырзабекова, Рухия Байдүкенова, Нұрболат Арзамасұлы, Салтанат Меңдіғалиева, Ербол Тажибаев және Дидар Абдухалық өнер көрсетеді.