Көркем гимнастика: Астанада жасөспірімдер арасында ашық чемпионат өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елорда төрінде көркем гимнастикадан дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жасөспірімдер арасындағы ашық чемпионат басталды. Аталған турнирде Павлодар, Теміртау, Астана, СҚО, Қарағанды, Жамбыл, Алматы қалаларынан келген 12 клубтың гимнасшылары бақ сынап жатыр. 

Фото: Астана спорт басқармасы

10-11 ақпан аралығында «Beeline Arena» спорт кешенінде 400-ге жуық жас спортшы жеке және топтық жаттығуда өз шеберліктерін көрсетеді. Бәсеке 4 жастан 16 жасқа дейінгі аралықты қамтиды.

Турнирде тек жүлде сарапқа салынып қоймай, әр гимнасшы спорттық разрядтарын қорғайды. Астана қаласында әр 3 ай сайын іріктеу сайыстары өткізіліп, республикалық, халықаралық додаларға мықтылар іріктеліп отырады.

«Статистикаға назар аударсақ, 4 жыл бұрын қаламызда көркем гимнастикадан 6 мектеп болса, қазір оның саны 15-ті құрап отыр. Яғни, бұл дегеніміз қаламызда көркем гимнастика қарқынды дамып келе жатыр деген сөз. Жақын күндері Халықаралық Олимпиада федерациясынан әлемдік деңгейдегі жарыс өткізуге ұсыныс хат келді. Бұйырса наурыз айының ортасында Қазақстан көркем гимнастика федерациясымен бірігіп, турнир ұйымдастырмақшымыз. Бұндай деңгейде бәсеке Астанада 10-15 жыл болғанын ескерсек, спортшылардың шеберліктерін арттыруға керемет мүмкіндік туып отыр»,  - дейді Alem халықаралық көркем гимнастика мектебінің басшысы Әсем Ахметжанова.

Айта кетейік, жарыстың ашылу салтанаты барысында 4 жас спортшыға спорттық разряд берілді.