Көркем гимнастика: Қазақ қызы халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшы Алина Әділханова Ригада өткен көркем гимнастикадан «Baltic Hoop 2018» халықаралық турнирінде күміс жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ҰОК-нің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, қазақстандық спортшы лентамен өнер көрсету барысында барлық жаттығуды сәтті орындап, 14900 ұпаймен екінші орынға ие болды. Ал аталған сайыста бас жүлдені болгариялық Катрин Тасеваға бұйырса (15600), үздік үшінші орынға тағы бір болгариялық ару Юлия Евчик қол жеткізді (14850).

Жарыстан кейін тілшілерге сұхбат берген көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алия Юсупова: «Бұл біздің биыл халықаралық жарыстардағы алғашқы жүлдеміз. Жарысқа мықты спортшылар қатысты. Алина Әділханова - енді-енді әйелдер гимнастикасында өнер көрсетіп жүрген жас гимнастшымыз», - деп атап өтті.

Фото: olympic.kz