Көркем гимнастикадан Азия чемпионаты қазақстандық қыздардың жеңісімен аяқталды

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Астанада өткен көркем гимнастикадан Азия чемпионаты қазақстандық қыздардың жеңісімен аяқталды, деп хабарлады елордалық спорт басқармасынан.

Сымбаттылар жарысының соңғы финалдық байқауы жұма, 17 маусым күні аяқталды.

Алғашқы жеңімпаздар топтық жаттығуларда анықталды. «2 шеңбер 3 лента» топтық жаттығуында күрделі бағдарлама көрсете алған Қытай қыздары алтыннан алқа тақса, қазақстандық спортшылар «күміс» жүлдені еншіледі. Ал жапондық қыздар «қоланы» қанағат тұтты.

Топтық жаттығудан кейін көрермендер мен төрешілердің алдына жасөспірімдер шықты, олар булава және лента жаттығулары бойынша медальдарды сарапқа салды. Естеріңізге сала кетейік, осының алдында жеке бағдарлама бойынша жасөспірімдер арасында көпсайыстан елордалық Әлия Асымова чемпион атанған еді. Ал қорытынды финалдық жарыста да 14 жасар Әлия жақсы өнер көрсетті. Булава жаттығуында өзбекстандық Валерия Давыдоваға небәрі 0,1 балл есе жіберіп алған Әлия, 26 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Үшінші орын - қытайлық Ванг Зийдікі.

Ал лента жаттығуында Әлия Асымова Азия чемпионы атанды. Екінші орында - малайзиялық Вонг По Сан, үшінші орында өзбекстандық - Валерия Давыдова.

Бұл күні сондай-ақ ересектер арасында ақтық сайыстар өтті. Осының алдында ғана көпсайыста чемпион атанған қазақстандық Анна Алябьева шеңбермен болған жарыста бірінші орын жеңіп алды. Жаттығудың бұл түрінде екінші орынды - қытайлық Денг Сенью, үшінші орынды өзбекстандық Ульяна Трофимова иеленді.

Доп жаттығуында бірінші орынды Анна Алябьева, екінші орынды қытайлық Денг Сенью алды. Ал үшінші орын - жапониялық Ямагучи Рунаға бұйырды.

Азияның абсолюттік чемпиондығына жақын болған Анна Алябьева булава жаттығуында қателік жіберіп алып, қоланы қанағат тұтты. Есесіне бұл жаттығуда қазақстандық спортшы Марина Петракова ең жоғары ұпай - 27,45 балл жинап, алтыннан алқа тақты. Екінші орын - 26,15 балл жинаған өзбекстандық спортшы Жәмилә Рахматованың еншісіне бұйырды.

Бағдарламаның қорытынды және ең тартымды түрі - лента жаттығуының да алтыны біздің қыздарымызға бұйырды. Анна Алябьева бұл жолы негізгі қарсыластарының бірі - өзбекстандық Ульяна Трофимовадан озып, 28,8 балмен Азия чемпионатындағы төртінші «алтынды» жеңіп алды. Ал Марина Петракова жаттығудың бұл түрінде «қола» медаль иеленді.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы спорттың осы түрі бойынша Азия чемпионы екендіктерін дәлелдеді.