***
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында мәдениет саласының жай-күйі мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындысы қаралды. Көтерілген мәселелер бойынша Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов баяндама жасады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетіндің бүгінгі санында «Мәдениет мәнді болса, өмір сәнді» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, алқалы жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Елбасының Үкіметке берген ең басты тапсырмасының бірі - экономикалық дамуды 7 пайыздық деңгейден кемітпей ұстап отыру екендігін атап өтіп, осыған қол жеткізудің кешенді шаралары белгіленіп отырғандығын тағы бір еске салған.
Елордада бір мезетте 5 мың мұсылман мінәжат ететін үлкен мешіт салынып бітуге тақау, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына тарту болғалы отырған нысан жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Елордадағы орталық мешіт» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. «Ғимараттың жалпы ауданы 17,7 мың шаршы метр, ал жалпы құрылыс аумағы 20,6 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт кешеніне мешіттің өзі, оқу-ағарту тобы, құран оқитын зал, мейрамхана, ас бөлмесі, ерлер мен әйелдерге арналған дәрет алатын орын, Имам орын-жайлары, некелесу мен вип орындары кіреді», - деп жазады басылым.
***
«Қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынғалы бері көпшіліктің қорқорға деген әуесі артып келеді. Кезінде шығыс ертегілерінен ғана көретін қорқор шіркіннің бүгінде шындыққа айналған рас. Әп-сәтте «модаға» еніп, құмарлардың қатары тіптен өсіп кетті. Қазір қаладағы кез келген дәмхана, мейрамханаларда «темекі тартуға болмайды» деп жазып қойғанымен, қорқорға келгенде көбісінің жібі босап кетеді. Тіпті осы арқылы клиенттерін көбейтуді көздеп, неше атасын ұсынатындардың да қатары қалыңдай түсуде», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бүгінде қоғамға дендеп бара жатқан осынау бір дерт жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Қорқорға құл болғандар саны артып келеді» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
Таяуда елордаға іс-сапармен келген Иман Валерия Порохова «Терроризм: оған қарсы тұру мәселелері» атты конференцияға қатысып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне дәріс оқыған болатын. Орайы келгенде «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Құран Кәрімді орыс тіліне тәржімалап, ислам мәселелесін көтеріп жүрген Иман Валериямен шағын сұхбат алды. Газеттің бүгінгі санында екеуара әңгіме «Қазаққа арабтың идеологиясын араластыру - бейбастық» деген тақырыппен беріліп отыр. АҚШ-тың Қазақстанды лаңкестік қауіпі бар елдердің тізіміне енгізуіне қатысты қойылған сауалға ол: «Бүгінде Еуропа елдерінің кез келген мәселеге мүлдем басқа, өзіндік көзқарасы бар. Сондықтан АҚШ-тың осы сияқты мәлімдемелерімен келіспеймін», - деп жауап беріпті.
***
Бұл күндері әлемнің барлық мемлекеттері 2012 жылы Лондонда өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қызу әзірлік жүргізуде. Қазірдің өзінде кейбір спорт түрлерінен жолдамаға иелік еткен спортшылардың есімдері белгілі болды. Алайда іріктеу осымен ғана шектелмейді. Алда әлі көптеген дүбірлі додалар бар. Жалпы алғанда лицензиялық жарыстар келесі жылдың бел ортасына дейін жалғасады. Сол тартыста бағы жанғандар Тұманды Альбион елінде алауы тұтанатын ғаламдық ойындарда бақ сынау құрметіне ие болады. Төрт жылда бір мәрте өтетін осы байрақты бәсекеде спортшыларымыздың жеңіс тұғырына көтерілуі үшін мүмкіндіктері қандай деген сауалға «Айқын» газетіндегі «Лондонда бізді не күтіп тұр?» деген мақалада жауап ізделген.
Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданының Қажеева деген тұрғыны зейнетақыға ертерек шығу үшін «әдемі әдіс» тауыпты. Құрметті зейнеткерлік демалысқа шығу үшін қырыққа толмаған толықсыған жас әйел төлқұжатқа өзінің фамилиясын өзгертіп, жасын ұлғайтып жазған екен. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ең жас «зейнеткер» Қостанайда тұрады» деген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. «Жалған зейнеткердің жазасын сот анықтайтын болады. Ал жас әйелді екі рет «қартайтып», жасын он жастан екі мәрте ұлғайтқан «сыйқыршы» төлқұжатшының тағдырын қаржы полициясының тергеу бөлімі шешіп жатқан көрінеді», - деп жазады басылым.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасындағы Норвегия Корольдігінің елшілігінде болып, норвегия халқына, лаңкестік актіден қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Қазақстан өткен жылдар ішінде осындай зұлымдықпен күрес жөніндегі халықаралық күштердің маңызды әрі жүйелі жақтаушысы болып келе жатқандығын айтқан ол: «Осынау қиын күндері біз норвегиялықтарға рухының мықты болғанын тілейміз», - деді. Сонымен қатар Қ. Саудабаев елшілікте ашылған Норвегиядағы терактіден қаза болғандарды еске алу және көңіл айту кітабына өзінің көңілін білдіріп, жазба қалдырды.